Қарттарым – асыл қазынам

08-10-2019

Қарттарым – асыл қазынам

Облыстық А. Пушкин атындағы кітапханада тыл ардагері, «Еңбек қызыл Ту» орденінің иегері, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы, облыстық ақсақалдар мүшесі – Бағдаулет қажы Мүрсәлімұлының туған күніне орайластырған кездесу өтті.

Шараға ақсақалдың қатарластары, мемлекеттік қызметкерлер, облыстық мешіт имамдары, шығармашылық ұжымдар және жастар қатысты. Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы да Бағдаулет қажыны құттықтау шарасына қатысып, Шығыс Қазақстан жерінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Кездесу барысында ақсақалдың ерен еңбек жолы мен өнегелі істерін көзбен көрген қариялар баян етіп, жиналған жастар ұйып тыңдады. Одан бөлек Бағдаулет қажы Мүрсәлімұлы терме айтып, қоңыр домбыраның күмбірлеген үнімен жиналғандардың құлақ құрышын қандырды. Тағылымды да қасиетті істері үшін ақсақалға республика бойынша 101-ші «Құрметті қажы» атағы беріліп, төсбелгі тағылды. Одан бөлек облыстық ақсақалдар алқасының дамуына үлес қосқаны үшін орден, облыстық «Халифа Алтай» мешіті бас иманының алғыс хатымен марапатталды.

Ақ үрпек жастың асқақ биігіне жетіп, өнегелі де ғибратты ғұмыр кешкен ақсақал көпке үлгі, тәлімді бағыт нұсқаушы.